Қазақстанда хейтке ұшыраған Черчесов Өзбекстанда қолдауға ие болды
Футболдан Өзбекстан олимпиадалық құрамасының бас бапкері Тимур Кападзе Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің айтқанымен келісетінін жеткізді, деп хабарлайды Sport +.
Тимур Кападзе ресейлік Sport24 басылымына сұхбат берген. Журналист Черчесовтің «ұлттық құрама бапкері – бұл мемлекеттік жұмыс» деген сөзін келтірген.
- Бұл сөзге Ресейде әркім әр түрлі пікір білдірді. Сіз Черчесовпен келісесіз бе?
- Мен Өзбекстан құрамасымен Катар, Корея немесе Жапониямен ойнаймын. Қарсыластар үздік футболшыларын жинап, өз елінің намысын қорғайды. Бұл соғыс секілді немесе медицинадағы бәсекелестікке ұқсайды. Футболда да жағдай солай. Егер біз Жапонияны жеңсек, дәл қазіргі таңда олардан біздің жастар үздік дегенді білдіреді. Мұның бәрі елдің имиджі, репутациясына әсер етеді. Сол тұрғыда Черчесовтің сөзімен келісемін, - дейді Тимур Кападзе.
Айта кетейік, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағалы бірде-бір ойында жеңген жоқ әрі гол да соғылмады. Ұлттар лигасының В дивизионында соңғы орын алып, С дивизионына түсіп қалды.