logo

Қазақстан құрамасының капитаны Александр Недовесов: Біздің басты мақсат – өзімізді ең жақсы жағымыздан көрсету

Қазақстан құрамасының капитаны Александр Недовесов: Біздің басты мақсат – өзімізді ең жақсы жағымыздан көрсету

Қазақстан құрамасының капитаны Александр Недовесов австралиялық Пертте өтетін United Cup командалық турнирінде Sport+ сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, турнирге қатысу шешімі, капитандық рөлі, алдағы қарсыластар және команда алдындағы міндеттері туралы айтып берді.

– United Cup турниріне қатысуға неге шешім қабылдадыңыз және бұл жаңа маусымға дайындығыңызға қаншалықты әсер етті?

– Бұрын бұл турнирге қатыспасам да, әрқашан қызығушылықпен қарайтынмын. Бұрынғы Hopman Cup немесе ATP Cup-тың қазіргі өзгертілген түрі United Cup деп аталады. Командалық жарыстарды өте жақсы көремін, сол себепті алғашқы аптадағы ATP турнирлерінен гөрі, осында қатысуды жөн көрдім. Сонымен қатар, бұрын-соңды болмаған Пертте ойнау жаңа тәжірибе. Дайындыққа келсек, аса өзгерістер болған жоқ. Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған үш апталық жиын аяқталды. Енді Испаниямен 27 желтоқсанда таңғы сағат 10-да матч өткізіп, турнирді бастаймыз.

– Капитан ретінде жаңа рөліңіз қалай? Болашақта өзіңізді бапкер ретінде көресіз бе?

– Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин бізбен бірге бола алмайтынын білгенде, Елена Рыбакинамен сөйлесіп, өзімді ұсынып көрдім. Федерация мен команда қолдау білдірді, осылайша капитан болдым. Әзірге бұл рөлді толық сезінген жоқпын. Тек кейбір қосымша сұрақтарды шешу қажет екенін түсіндім, мысалы, жаттығу кестесі немесе капитандар жиналысы сияқты. Бапкерлікке келер болсам, иә, бұл мен үшін болашақта мүмкін жол деп есептеймін.

– Команданың негізгі күші – Рыбакина мен Шевченко. Попко мен Құламбаеваға ойынға шығуға мүмкіндік бола ма? Сіз өзіңіз ойнайсыз ба?

– Әрине, Лена мен Саша – біздің басты ойыншыларымыз. Егер бәрі жақсы болса, олар жалғыздықта ойнайды. Дима мен Жібекке келсек, жағдайға байланысты шешім қабылдаймыз. Өзіме келер болсам, микст матчында ойнағым келеді. Командамен бірге талқылап, шешім қабылдаймыз.

– Турнирдегі команданың мақсаттары қандай?

– Міндеттер туралы нақты айту қиын, себебі бұл турнир көптеген ойыншылар үшін келесі апта мен Australian Open-ге дайындық ретіндн болмақ. Дегенмен, ең кемі топтан шығу мақсатымыз бар.

– Топтағы қарсыластарыңыз – Грекия мен Испания туралы не айтасыз?

– Ерлер құрамында Циципас пен Карреньо Бустамен ойнаймыз. Циципас – әлемнің үздік ондығына кіретін ойыншы, испандық та ТОП-10 қатарына жақын болды. Бірақ бәрі алғашқы матчтардағы физикалық дайындыққа байланысты болады. Қыздар жағына келсек, Саккари мен Бузас Манейро туралы аз білемін. Дегенмен, барлық қарсыластарымызды өте байыпты қабылдаймыз және қиын матчтарды күтеміз.

Турнир 27 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін жалғасады. Барлық матчтарды Sport+Qazaqstan арнасынан және Sportplustv.kz сайтынан тамашалауға болады.