Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореядан басым түсіп Junior Davis Cup плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты

Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореядан басым түсіп Junior Davis Cup плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты

Шымкентте 16 жасқа дейінгілер арасындағы командалық әлем чемпионатының Азия/Мұхит жағалауы аймағы бойынша топтық кезеңі мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы турнирдің екінші нөмірлі командасы саналған Оңтүстік Кореяны қапы қалдырып, плей-офф сатысына өз тобынан бірінші орынмен жолдама алды.

Кореялық теннисшілерге қарсы кездесу ұзаққа созылды. Алғашқы жекелей сында Ахмади Маханов рейтингте өзінен көш ілгері тұрған қарсыласынан айланы асырды. Дүниежүзілік ITF Junior тізімінде 368-орында тұрған отандасымыз әлемнің 192-ракеткасы Ким Дон Чжэні тізе бүктірді. Тартысты өткен үш сеттік матчтың тағдыры соңғы кезеңдегі тай-брейкте шешілді – 6:2, 3:6, 7:6 (7:3).

Екінші бәсекеде әлемдік рейтингте 287-сатыда тұрған Ансар Ниетқалиев әлемнің 113-ракеткасы Чан Чжун Соға есе жіберді (5:7, 2:6). Осылайша, жалпы есеп теңесіп, текетірестің тағдыры жұптық сынға ауысты.

Шешуші матчта Маханов пен Ниетқалиев тандемі Чан Чжун Со / Шин Чжэ Чжун дуэтін еш қиындықсыз, екі сетте де бірдей есеппен (6:2, 6:2) қапы қалдырды.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңді үш кездесуде үш жеңіспен, бірінші сатыда аяқтады. Бұған дейін Beeline Arena корттарында біздің теннисшілер Түрікменстан (3:0) мен Пәкістан (3:0) құрамаларын құрғақ есеппен ұтқан болатын.

Ширек финалда Қазақстан құрамасы Гонконгпен шеберлік байқасады. Олар өз тобында басты фаворит – Жапонияға ғана есе жіберіп, екінші орынмен шыққан еді.

Еске сала кетейік, іріктеу кезеңінде жартылай финалға шыққан төрт команда осы жылдың қараша айына жоспарланған юниорлық Дэвис Кубогының финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады.
 



Күн шежіресі