Қазақстан Париж Олимпиадасында өткен жекпе-жектің нәтижесіне апелляция берді
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде жұмыс істеген кейбір төрешілердің қызметіне күмән келтіретінін мәлімдеп, PBU-ға (Paris boxing Unit) жүгінді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Мухаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегінің нәтижесіне апелляция берді. Біз нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктеме сұрадық, сондай-ақ МОК-ты хабардар еттік. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы Олимпиада ойындарының жартылай финалына шығу үшін өткен маңызды жекпе-жекте жеңіске жетті. Өткен жекпе-жек нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін түсінеміз. Алайда, біз ең маңызды халықаралық жарыстағы төрешіліктің қалған спортшылар үшін адал, әділ және бейтарап болуын талап етеміз,» — деп түсіндірді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.
Осы орайда, бұл іс-шараның жекпе-жектер нәтижесіне әсер етпейтінін ескеру керек. Ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда, төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін.