Қазақстан конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы кезеңінде төрт алтын медаль жеңіп алды
Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында Әлем кубогының кезеңі басталды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық турнирдің алғашқы күні Қазақстан құрамасы төрт алтын медаль жеңіп алды.
Кристина Шумекова 1000 және 3000 метр қашықтықтарда топ жарды.
Нео-сеньорлар арасындағы 1000 метрде жүлделер толықтай қазақстандық спортшыларға бұйырды. Инесса Шумекова бірінші орын алды, Дарья Важенина екінші болды, ал Алина Дауранова үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ Қазақстан (нео-сеньорлар) әйелдер арасындағы командалық спринтте жеңіске жетті.
Андрей Семёнов 1000 метрде (нео-сеньорлар) күміс жүлдеге ие болды. Ал әйелдер арасындағы командалық спринтте Қазақстан жасөспірімдер құрамасы екінші орын алды.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы командалық спринтте (нео-сеньорлар) қола медальға ие болды.