Қазақстан алғаш рет FIE әлемдік рейтингінде көш бастады
Қазақстанның шпагамен семсерлесуден ерлер құрамасы отандық семсерлесу тарихында алғаш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sport+.
Бұл тарихи жетістік соңғы 12 айда ірі халықаралық жарыстарда қол жеткізілген жеңістердің нәтижесі болды. Қазақстан құрамасы 2026/27 жылғы маусымды Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогының кезеңінде алтын медаль жеңіп алумен бастап, әлемдік рейтингтің көшбасшысы атанды.
Әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілу қазақстандық семсерлесушілердің тарихи жеңістер сериясының заңды жалғасы болды. 2025 жылдың қарашасында ұлттық құрама Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарды. 2026 жылдың маусымында Үндістанның Нью-Дели қаласында Азия чемпионы атанса, шілде айында Қытайдың Гонконг қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал қыркүйекте Жапонияның Айти–Нагоя қаласында ұйымдастырылған Азия ойындарында жеңіске жетті.
Ұзақ жылдар бойы шпагамен семсерлесуден ерлер арасындағы командалық сында Франция, Италия, Венгрия және Швейцария сияқты дәстүрлі мықты құрамалар көш бастап келді. Азия елдері арасында бұған дейін әлемдік рейтингтің бірінші сатысына тек Жапония мен Оңтүстік Корея көтерілген болатын. Енді бұл қатарға тарихи нәтижеге қол жеткізген Қазақстан да қосылды.
Касабланкадағы Әлем кубогына Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте Швейцария мен Франциядан кейін үшінші орында келді. Алайда турнирдегі жеңіс отандастарымызға қарсыластарын басып озып, FIE рейтингінде алғаш рет көш бастауға мүмкіндік берді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов бұл жетістікке қол жеткізуде жас спортшылардың рөлі ерекше болғанын атап өтті.
«Ең алдымен, спортшыларды, жаттықтырушыларды және бүкіл команданы тарихи жетістігімен құттықтағым келеді! Бұл жеңістің құндылығын арттыра түсетін жайт — Касабланкадағы жарысқа жаңартылған құраммен қатысқанымыз. Сайыс жолына Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов шықты. Олардың үшеуі — зумерлер буынының өкілдері. Оның үстіне, қазіргі төрт әлем чемпионының екеуі бұл турнирге қатысқан жоқ.
Дәл осы құраммен біз шпагамен семсерлесуден ерлер арасындағы командалық сында 23 дүркін әлем чемпионы атанған Францияны жеңдік. Бұл — аталған спорт түріндегі абсолютті рекорд. Қазақстандықтардың жеңісі елімізде мықты көшбасшылар ғана емес, әлемнің үздік құрамаларын жеңуге қабілетті жас спортшылар да бар екенін дәлелдейді», — деді Мирболат Әбуов.
Қазақстан құрамасының алтын медальға жету жолы Түркияны 45:20, ал Гонконгты 45:28 есебімен ірі жеңуден басталды. Ширек финалда отандастарымыз тартысты өткен кездесуде Мысыр құрамасынан 45:39 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Франциямен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы кезеңдерінен-ақ басымдыққа ие болған қазақстандық семсерлесушілер есептегі артықшылықтарын сақтап, қарсыласын 45:39 есебімен жеңді.
Шешуші кездесуде Қазақстан құрамасына Ресей қарсылас атанды. Ұзақ үзілістен кейін Әлем кубогында алғаш рет өз елінің туы астында өнер көрсеткен ресейлік спортшыларға қарсы отандастарымыз жекпе-жек барысын бақылауда ұстап, әр кезеңде шағын басымдықтарын сақтай білді.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы финалда 45:40 есебімен жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді және әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді.