logo

Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады

Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады

Төрт «Үлкен дулыға» жарысының бірі – Франция ашық чемпионатында қазақстандықтар бақ сынайды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Бүгін іріктеу сайыстарынан қосылған, дүниежүзілік рейтингіде 135-орында тұрған Михаил Кукушкин Қазақстаннан бірінші болып кортқа шығады. Оның қарсыласы – әлемнің 41-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожан. Ф.Марожан осы айда тағы бір қазақстандық, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченкомен екі рет кездесіп, жеңілген еді.

Ролан Гарроста А.Шевченко рейтингіде 82-сатыдағы ресейлік Аслан Карацевпен сынға түседі.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бубликтің алғашқы айналымдағы қарсыласы – іріктеу сайыстарынан негізгі турнирге жолдама алған франциялық, рейтингіде 108-орындағы Грегуар Баррер.

Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина бастапқы кездесуін рейтингіде 86-сатыдағы бельгиялық Гретье Минненмен өткізеді.

Юлия Путинцева (№37) рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған америкалық, 2017 жылғы АҚШ чемпионы Слоан Стивенстен өтуге тырысып көреді.

Өткен жылы Парижде Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева үшінші айналымнан аса алмады. Ю.Путинцева дәл сол С.Стивенске жол берген еді. Ал А.Бублик бірінші, А.Шевченко екінші кездесуінде сүрінді.

Жұптық сында биыл Қазақстаннан Александр Недовесов пен Анна Данилина қатысады.

Жасөспірімдер арасында Франция ашық чемпионатында Әмір Омарханов, Соня Жиенбаева және Асылжан Арыстанбекова өнер көрсетеді. Сондай-ақ Даниал Рахматуллаев іріктеу додасында бақ сынайды.