Орталық Азия чемпионатында қазақстандық жеңіл атлеттер бір күнде екі алтын медаль жеңіп алды
25 тамыз күні Ташкентте жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Орталық Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар бірқатар медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстан құрамасына алтын медальді әйелдер арасындағы эстафеталық команда сыйлады. 4×100 метрлік эстафетада Дарья Гридасова, Маргарита Назаренко, Антонина Чернышова және Юлия Башманова құрамындағы квартет қашықтықты 47,84 секундта бағындырып, бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ үш қарғып секіруден Зелимхан Насыров топ жарды. Ташкенттегі жарыста Зелимхан 16,11 метр нәтижесін көрсетті.
4×100 метрлік эстафетада ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Қазақстандық квартет сапында Алмат Төлебаев, Богдан Чернобай, Даниил Момот және Ромео Петров өнер көрсетті.
Сондай-ақ 400 метр қашықтықта Алан Иванов және 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Анастасия Колода екінші орын алды.
Қола медальді 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Антонина Чернышова және 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Екатерина Колода жеңіп алды.