Олимпиада-2026: екінші жарыс күнінің кестесі
8 ақпан күні Италияда өтіп жатқан Милан–Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары екі спорт түрі бойынша жарыс жолына шығады.
Атап айтқанда, отандастарымыз шаңғы жарысындағы скиатлон мен биатлондағы аралас эстафетада ел намысын қорғайды.
Ерлер арасындағы скиатлон бәсекесінің финалы Астана уақытымен сағат 16:30-да басталады. Бұл дисциплинада спортшылар классикалық және еркін стильде шаңғы тебуді біріктіріп, жоғары төзімділік пен тактикалық дайындықты талап ететін күрделі қашықтықты еңсереді.
Аталған жарыста Қазақстан атынан Әмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало және Наиль Башмаков бақ сынайды. Бұл спортшылар халықаралық жарыстарда тәжірибе жинап, маусым барысында тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді.
Кешкі бағдарламада биатлон жанкүйерлерін тартысты дода күтіп тұр. Сағат 18:00-де биатлоннан аралас эстафета (4×6 км) бәсекесінің финалы өтеді. Командалық жарыста ерлер мен әйелдер кезекпен өнер көрсетіп, шаңғыдағы жылдамдық пен нысана көздеудегі дәлдікті үйлестіруі тиіс.
Қазақстан құрамасының сапында бұл жарысқа Әсет Дүйсенов, Владислав Киреев, Айша Рақышева және Милана Генева шығады. Аралас эстафета — Олимпиада бағдарламасындағы ең динамикалық әрі көрермен қызығушылығы жоғары жарыстардың бірі.