logo

Нұрғиса Әділетұлы: Допинг дауынан кейін такси жүргізген кездерім болды

Нұрғиса Әділетұлы: Допинг дауынан кейін такси жүргізген кездерім болды

Ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Sport+ арнасына берген сұхбатында спорттық мансабындағы ең ауыр сәттер туралы ашық айтып берді. Ол допинг дауының кесірінен Олимпиададағы арманы жүзеге аспай қалғанын, сол қиын кезеңде күн көру үшін түрлі жұмыс істеуге тура келгенін баяндады. Уақыт өте келе бұл іске іліккен спортшылардың кінәсіздігі дәлелденіп, жарыстарға қатысу құқығы қалпына келтірілген.

— Допинг дауына байланысты көптеген ауыр атлеттердің сағы сынғанын айттыңыз. Бұл жағдай сіздің өміріңізге қалай әсер етті?

— Иә, мен де берілудің аз-ақ алдында тұрдым. 2023 жылы Азия чемпионы атандым. Бірақ сол жарыстан кейін бізге допингке қатысты қысым күшейді. Ол кезде Олимпиадаға бір-ақ жыл қалған еді. Біз қолданған дәрумендер мен қоспаларды басқа елдердің спортшылары да пайдаланды. Бірақ неге екені белгісіз, тек бізден ғана допинг анықталып, жарыстардан шеттетілді. Бұл әдейі ұйымдастырылған әрекет пе, әлде кездейсоқ жағдай ма — әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Осылайша біз Олимпиаданы өткізіп алдық.

Командамыз сол кезде жақсы деңгейге көтеріле бастаған. Өзім де Олимпиадада жүлде алу мүмкіндігі жоғары едім. Бірақ сол жағдайдан кейін спорттан 1,5 жыл үзіліс алуға мәжбүр болдым. Жаттығудан бөлек, күнделікті тірлікті ойлауға тура келді. Коммерциялық жарыстарға — «Алыптар сайысына» қатыстым, отбасым мен ағамның кәсібіне көмектестім. Кішкентайымнан ата-анамнан ақша сұрамай, өз күнімді өзім көріп үйренгенмін. Сондықтан бұл жағдай мен үшін оңай болған жоқ. Кейде такси жүргізіп те күн көрдім. Жолаушылардың кейбірі мені танып қалып жатты. Бірақ мен оған намыстанған жоқпын. Менің жалғыз мақсатым — спортқа қайта оралып, өзімді толық көрсету болды.

Толық сұхбатты төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар.



Күн шежіресі