Олимпиада-2026: Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков үшін скиатлон жарысы аяқталды
Бүгін Италиядағы XXV қысқы Олимпия ойындарында шаңғы жарысынан ерлер арасындағы алғашқы бәсеке өтті.
Скиатлон бағдарламасында (10 км+10 км) Ұлттық құраманың екі спортшысы - Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков бақ сынады. Жарыс нәтижесінде Әмірғали 45-ші, Наиль 49-орын алды.
Бұл дисциплинада спортшылар алғашқы 10 шақырымды классикалық стильде жүріп өтті. Ал қалған бөлікті пит-стопта шаңғы ауыстырып, еркін мәнерде бағындырады.
Бүгінгі жүлдегерлер тізімі, скиатлон:
1. Йоханнес Клебо (Норвегия)
2. Матис Делож (Франция)
3. Мартин Нюнгет (Норвегия)
Отандастарымыз Әмірғали мен Наиль алғаш рет Олимпиадаға қатысып жатыр. Былтыр көктемде 20 жастағы шаңғышы жастар арасындағы әлем чемпионатында 13 және 15-орыннан көрінді. Ал тәжірибелі Наиль - эстафетада қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері.
Енді шаңғы жарысы бір күн үзілістен кейін 10 ақпанда классикалық стильдегі спринтпен жалғасады. Жалпы спорттың осы түрінен Миландағы Олимпиадада 12 жүлде жиынтығы (ерлер 6, әйелдер 6) сарапқа салынады.
XXV қысқы олимпия ойындары 22 ақпанда мәресіне жетеді.