Ольга Довгун: Олимпиадалық спортшылардың өз бабын жоғалтуға уақыты болмады

Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы маусымды белсенді түрде бастады. Спортшылар Азия және Әлем кубогының кезеңдеріне қатысты. Қазіргі уақытта құрама кезекті Әлем кубогына дайындалып жатыр. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында бас бапкер Ольга Довгун қазіргі атқыштардың деңгейі мен жас спортшыларды ұлттық құрамаға қосу туралы айтып берді, деп хабарлайды Sport+.
— Бірқатар ірі жарысқа қатыстыңыздар, осы орайда құраманың деңгейін қалай бағалайсыз?
— Құраманың қазіргі жағдайын жақсы деп бағалаймын. Біз үшін сәтті өткен Азия кубогына қатыстық. Сонымен қатар Әлем кубогының кезеңінде де өнер көрсеттік. Мұнда ең маңыздысы — біздің спортшылар финалдарға өте алды. Команда медальмен де көзге түсті. Сондықтан бәрі ойдағыдай жүріп жатыр.
— Олимпиадаға қатысқан спортшылар қалай өнер көрсетуде? Париждегі бабына қайта келіп үлгерді ме?
— Шыны керек, олимпиадалық спортшылар өз бабын жоғалтуға уақыты да болмады. Айта кетейін, Парижде өнер көрсеткен атқыштар бір айдан кейін-ақ қайтадан қатарға қосылып, келесі жарыстарға дайындала бастады.
— Бас бапкер ретінде қазіргі аралық нәтижелерге көңіліңіз тола ма?
— Ең бастысы — ауыр жарақаттар жоқ. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Дайындық жүргізіп, жоспарланған жарыстарға қатысып келеміз. Одан кейін міндетті түрде қалыпқа келу кезеңінен өтеміз.
— Алдағы жарыстарға дайындық барысында негізінен қандай бағыттарға көңіл бөлінуде?
— Күн сайын ату техникасы мен тактикасын жетілдіріп, шыңдап келеміз. Сонымен қатар спортшыларды ерекше турнирлер арқылы сынап, оларды стресстік жағдайларға әдейі бейімдеуге тырысамыз. Бұл — дайындықтың аса маңызды бөлігі.
— Құрама қазіргі уақытта қалай дайындалып жатыр?
— Қазіргі кезде Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Құрама Германияның Мюнхен қаласында 7–15 маусым аралығында өтетін кезекті Әлем кубогына дайындалып жатыр. Сол себепті бар күшімізді осы жарысқа бағыттадық.
— Жас спортшылар қалай өнер көрсетіп жүр? Негізгі құрамға бейімделіп жатыр ма?
— Жастарымыз өсіп келеді, өздерін жақсы қырынан көрсетуде. Жуырда біз алты бірдей жас спортшыны негізгі құрамға қостық. Олардың дамуын қадағалап, бейімделуге көмектесіп отырмыз. Жақын арада олар өз мүмкіндіктерін толық көрсете алады деп үміттенеміз.