Нұрбек Қарабала: Фанильді кез келген рөлде көруге әрдайым қуаныштымыз
NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала Фаниль Рафиковтың Бейжіңдегі турнирге қатыспауына қатысты пікір білдірді:
«Фаниль өте ауыр жарақат алды. Өзі мұны жеңіл қабылдап, алты айдан кейін қайта ораламын деп отыр. Әрине, қазіргі медицина дамыған, бірақ омыртқа мен мойын жарақаты өте күрделі. Бұл байлам, тізе, қабырға немесе бұлшықет жарақаты емес. Қалай болғанда да, оған тезірек сауығып кетуін тілеймін. Фаниль лига үшін де, мен үшін де өте құнды тұлға. Ол октагон ішінде де, сыртында да шоу жасауды біледі. Тек файтер ретінде ғана емес, сұхбат алушы, жүргізуші әрі комментатор ретінде де өзін дәлелдеді. Мен де оның жағдайында болғанмын: ауыр жарақат алып, үлкен жетістікке бір қадам қалғанда бәрі күйреп кеткен сәттерді бастан өткердім. Сондықтан оның бұрынғыдан да мықты болып оралу үшін барын салатынына сенімдімін. Ал мен оған толық сауығып кетуін ғана тілеймін. Ол күрделі отадан өтті. Біз Фанильді спорт индустриясында кез келген рөлде көруге әрдайым қуаныштымыз».
Сондай-ақ Қарабала әлемдік технологиялық алпауыт Huawei компаниясымен стратегиялық әріптестік туралы келісім жасалғанын айтты. Бұл оқиға Орталық Азиядағы спорттық ойын-сауық индустриясындағы ең ауқымды әрі инновациялық серіктестіктердің бірі ретінде бағалануда.
«Huawei компаниясымен әріптестік — NAIZA үшін стратегиялық серпіліс. Біз жекпе-жектердің қуатын әлемдік деңгейдегі озық технологиялармен біріктіріп, қазақстандық спортты халықаралық аренаға шығаруды және жанкүйерлерге мүлде жаңа деңгейдегі шоу ұсынуды мақсат етіп отырмыз».
NAIZA турнирі Бейжіңде 8 тамыз күні өтеді.