Нұралы Әліп: Мен қарапайым қазақтың баласымын, елім үшін жанымды беруге дайынмын
Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп әлеуметтік желідегі жазбасында қазақ тілі туралы айтқан пікіріне қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Қолдауларыңызға үлкен рақмет, Қазақ елі! Соңғы айтқан сұхбатымды дұрыс емес қабылдаған кейбір жандарға айтқым келеді. Мен қазақ тіліне қарсымын немесе сөйлемеу керек деген жоқпын. Ондай ойым да болған жоқ. Мен өзім бір адамға келген қонаққа жайлылығыңды көрсетуің керек деп айтқанмын. Бірақ ол адам мені дұрыс түсінбей, басқа жағынан қазақ тіліне қарсы деп ойлап, өз пікірін айтып мені түсінбеді. Ұзын сөздің қысқасы, айтайын дегенім, мен өздерің сияқты, қазақтың қара домалақ баласымын. Қазақ елім үшін, жерім үшін жанымды беремін. Қазақты қазақ көтерер, біз - біргеміз, биік іргеміз», - деді Нұралы Әліп әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін Нұралы «Зенит» подкастындағы сұхбатында журналистердің Станислав Черчесовқа қазақ тілінде сұрақ қоюын тек хайп үшін деп айтқан еді.