Николай Киоссе: Қабдрахмановпен реванш? Бұл сұрақты Нұрбектің өзіне қойған дұрыс

Ресейлік жауынгер Николай Киоссе Sport+ арнасына берген сұхбатында Ақтауда өтетін NAIZA турниріндегі басты жекпе-жек — Нұрбек Қабдрахманов пен Бағлан Жеңісұлы арасындағы кездесу жайлы пікір білдіріп, сондай-ақ Нұрбекпен мүмкін болатын реванш туралы да ойын айтты.
«Менің ойымша, бұл жекпе-жекте Нұрбек жеңіске жетеді. Өйткені ол жеңілістен кейін қайта оралуға көбірек мотивация алған, әрі Қабдрахманов Жеңісұлынан ірілеу көрінеді. Бағлан мықты лигаларда жұдырықтасты, бірақ ол 61 келі салмақта өнер көрсетті. Нұрбек бұл жекпе-жекті, тіпті мерзімінен бұрын жеңіске жете алмаса да, барлық бес раундта басым түсіп, өз пайдасына шешеді деп ойлаймын. Ал екеуміздің реваншымызға келсек, көп адам менен бұл жекпе-жекті қалайсың ба деп сұрайды. Мен бәрін бірінші жекпе-жекте көрсеттім, сондықтан бұл сұрақты Нұрбектің өзіне қойған дұрыс: ол бұл кездесуді қалай ма?», — деді Киоссе.
Турнир 27 шілдеде өтеді. Барлық жекпе-жектерді тікелей эфирде Sport+ арнасынан көруге болады.