logo

Мырзағали Айтжанов: Бұл Олимпиадада ешбір боксшымыз аянып қалған жоқ

Мырзағали Айтжанов: Бұл Олимпиадада ешбір боксшымыз аянып қалған жоқ

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап, шағын сұхбат берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Olympic.kz сайтына сілтеме жасап. 

«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге  іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. 

Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін. 

Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі  таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», - деді Мырзағали Айтжанов.

Айта кетелік, Қазақстан боксшылары Париж Олимпиадасынан күміс медаль жеңіп алды. 80 келідегі Нұрбек Оралбай елге күміспен оралады.