Могулшы Юлия Галышева спорттық мансабын аяқтады
Фристайл-могулдан әлемдегі танымал әрі табысты спортшының бірі Юлия Галышева кәсіби спортшы ретінде мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. Ол мұны кеше туған қаласы Өскеменде арнайы баспасөз жиынын өткізіп, жариялады, деп хабарлайды Sport+ Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Юлия Галышева ұлттық құрама сапында 20 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп, Қазақстандағы қысқы спорт түрлерінің дамуына елеулі үлес қосты.
Спортшының негізгі жетістіктері қатарында:
– 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдесі (Қазақстан фристайлы тарихындағы алғашқы Олимпиада медалі);
– 2019 жылғы әлем чемпионатының алтын медалі (Дир-Вэлли, АҚШ);
– әлем чемпионаттарындағы жүлделер (2015 – қола, 2017 – күміс, 2021 – күміс);
– Қысқы Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы;
– Әлем кубогы кезеңдеріндегі жүлделі орындар.
Юлия Галышева қысқы Олимпиада ойындарына бес рет қатысқан спортшылардың қатарында. Ол алғаш рет 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында өнер көрсеткен.