Михаил Шайдоров: Олимпиада чемпионы атанғаныма әлі де сене алар емеспін. Медальді Қазақстан халқына арнаймын
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Жеңістен кейін отандасымыз бұл жүлдеге қол жеткізу қиын болғанын айтты, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
«Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді.
Мен бұл Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым — өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальді Қазақстан халқына арнаймын.
Шынымды айтсам, өзге спортшылар үшін де қатты алаңдадым. Өйткені Олимпиада — өте жауапты әрі жүйкеге салмақ түсіретін жарыс. Маған толқуды еңсеру бұйырды, ал кейбір спортшылар эмоциясын басқара алмады. Ұпай жарияланғанда аралық үшінші орынға көтерілгеніме де сене алмадым. Ал бірінші орын алғанымды түсінген сәтте тіпті…
Қолдау керемет болды. Әлеуметтік желіге кіру мүмкін болмады. Трибунадағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілді. Бәрі кино сияқты. Әзірше не болып жатқанын толық сезініп үлгермедім.
Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Сол үшін бар күшімді саламын. Жағдай жасалып, жастарға мүмкіндік берілсе екен деймін.
Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Қазақ мәнерлеп сырғанауының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын.
Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жатқан барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Оларға жанкүйер боламын. Қолымнан келгенше жарыстарға барып, қолдау көрсетуге тырысамын», — деді Олимпиада чемпионы.
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы екінші алтын медалін жеңіп алды. Бұған дейін 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған еді.
Сондай-ақ бұл — Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан жеңіп алынған алғашқы Олимпиада алтыны. Бұған дейін 2014 жылы Денис Тен қола медаль жеңіп алған еді.