Милад Карими спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді

Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында спорттық гимнастикадан Азия чемпионатының финалдық кезеңі басталды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарыс аясында еркін жаттығулар бойынша финал өтті. Қазақстандық Милад Карими бұл жаттығуда 14.400 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды.
Екі дүркін Олимпиада чемпионы филиппиндік Карлос Юло (14.600 ұпай) бірінші орын алса, ал үшінші орынды оңтүстіккореялық Мун Гын Ён (14.033 ұпай) иеленді.
Сондай-ақ осы финалда Дмитрий Патанин де өнер көрсетіп, 13.833 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. Ол жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы командалық көпсайыста үшінші орынды иеленген болатын.