Күрестен Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын балуандар анықталды
21-27 қазанда Албанияның Тирана қаласында күрес түрлерінен U23 әлем чемпионаты өтеді. Аталған сында қазақстандық балуандар да өз бақтарын сынайды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Айта кетсек, жақында ғана Испанияда 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігі аяқталған болатын. Ал Албания 23 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионатын қабылдауға дайындық үстінде.
Албаниядағы әлем чемпионатына еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 23 жасқа дейінгі Қазақстан командасы толық құрамда қатысады. Тиранаға аттанатын спортшылар қатарында ересектер сапында талай турнирдің дуын көрген спортшылар да бар. Одан бөлек, 2023 жылғы әлем чемпионы, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Ризабек Айтмұхан да тағы бір мәрте әлем чемпионы атағы үшін бөзкілемге шығуға бекініп отыр.
Еркін күрес шеберлерінің жаттығу жиыны екі кезеңге бөлінген. Балуандар алдымен 20 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында дайындалса, жаттығудың соңғы кезеңі 8-23 қазан аралығына жоспарланған.
Еркін күрестен U23 әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы:
57 келі: Алан Оралбек
61 келі: Әділет Әлмұхамедов
65 келі: Бекзат Ермекбай
70 келі: Ернұр Нұрғазы
74 келі: Әлі анықталу үстінде
79 келі: Жеңіс Қаныбеков
86 келі: Нұржан Исағалиев
92 келі: Бекзат Аманғалиев
97 келі: Ризабек Айтмұхан
125 келі: Омархан Надиров
Қазақстан қыздар құрамасы да әлемдік жарысқа қызу дайындық үстінде. Команданың аға жаттықтырушысы Қуаныш Жақсыбай ел чемпионаты мен Азия біріншілігі сынды жарыстардың қорытындысы есепке ала отырып, команданы жасақтаған.
Әйелдер күресінен U23 әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы:
50 келі: Л. Ғаниқызы
53 келі: З. Баянова
55 келі: А. Әшімова
57 келі: Ш. Өмірбек
59 келі: Г. Бекеш
62 келі: Т. Дубек
65 келі: Г. Өсербай
68 келі: Б. Сейдуәлі
72 келі: А. Панасович
76 келі: А. Ертөстік
Грек-рим күресінен аға жаттықтыушы Жаңабек Оспанов та аталған турнирге ең мықты спортшыларды дайындап жатқаны белгілі.
Грек-рим күресінен құрама алдағы уақытта белгілі болады.