logo

Көшеде жүре алмай қалдым: түркиялық «киллер» Олимпиадада неліктен арнайы құлаққап кимегенін түсіндірді

Көшеде жүре алмай қалдым: түркиялық «киллер» Олимпиадада неліктен арнайы құлаққап кимегенін түсіндірді

Париж олимпиадасында жұлдызға айналған түркиялық мерген Юсуф Дикеч не себепті жарыс алаңына арнайы құрал-жабдықсыз шыққанын түсіндірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Спортшының сөзінше, ол бұл спорт түрімен 24 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін төрт Олимпиадаға қатысқан, дегенмен арманындағы жүлдесін бесінші – Париждегі аламанда ғана иеленген.

«Құрал-жабдықты кигенде өзімді жайсыз сезінемін. Атыс – бұл назарды талап ететін спорт түрі. Ал мен бұл киімде өзімді ыңғайсыз сезінемін. Сол үшін де кимеймін.  Ату спортында жүргеніме 24 жыл болды. Бұған дейін танымал болған емеспін.

Ал Олимпиададан соң көшеде жай жүре алмайтын жағдайға жеттім. Адамдар құттықтап, бірге суретке түсу туралы өтініш жасайды. Түркияда ғана емес, басқа елдерде де танымалдылығым артқанын түсіндім. Әлеуметтік желіде жазып, белгілеп жатады. Керемет сезім екен.  Бұл менің бесінші Олимпиадам болса да, алғашқы жүлдем», - деді түркиялық спортшы. 

Сонымен қатар ол қазақстандық спортшылар туралы да пікірін білдірді. 

«Қазақстандық спортшыларды жақсы танимын. Оларды білмеу мүмкін емес, бірге жарыстық қой. Қазақстандық мергендермен сөйлесіп тұрамыз. Олимпиадада қандай да бір нәтижеге жету үшін тынымсыз еңбек ету керек. Қазақстандық спортшылар болашақта биік белестерді бағындыратынына сенімдімін. Еңбек қай кезде де нәтижесін береді, менің жағдайым бұған дәлел болса керек», - деп қосты мерген. 

Енді ол келесі Олимпиада ойындарында бақ сынамақ.

«Бапкеріме «2028 жылы Лос-Андежелесте өтетін Олимпиада ойындарында алтын медаль аламын» деп айттым. Енді сол мақсат үшін жұмыс істейміз», - деді ол.