Кирилл Ляпунов: Басты міндетті орындадық
Қазақстан құрамасының және «Барыс» шабуылшысы Кирилл Ляпунов Sport+ сайтына берген сұхбатында ұлттық команданың Азия чемпионатындағы өнерін қорытындылады. Талғат Жайлауовтың шәкірттері Жапонияны 4:3 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.
– Кирилл, Қытаймен кешкі матчтан кейін Жапониямен күндіз ойнадыңыздар. Шешуші ойынға дайындықта нені басты назарға алдыңыздар?
– Арнайы ештеңеге дайындалып, көп ойланған жоқпыз. Ұзақтау ұйықтап, ойынға шықтық. Өз стилімізде ойнау керек болды. Басты міндетті орындадық.
– Екі ойын күнінен кейін турнирлік жағдай сіздердің пайдаңызға шешілген еді. Чемпион атану үшін ірі есеппен ұтылмау жеткілікті болды. Мұны ойда ұстадыңыздар ма?
– Жоқ, біз бұл жайында тіпті сөйлескен жоқпыз. Тек жеңіс үшін шықтық. Барлығы турнирді жақсы нотада аяқтау керегін түсінді. Шықтық та, нәтижеге қол жеткіздік.
– Қазақстанның ересектер құрамасындағы алғашқы голың туралы не айтасың? Бұған дейін пастар болған еді.
– Эмоциялар, әрине, тек жағымды. Бұл – алғашқы голым. Эпизодтың өзіне келсек, ол жерде Роман Леонидович (Старченко – авт.) қақпаға лақтырды, шайба ыңғайлы түрде маған кері серпілді. Қалғаны – бос қақпадан мүлт кетпеу ғана болды.
– Жапондармен матчтың аяқталуы біраз жүйке жұқартты. Ал алғашқы екі кезеңде мұндай жағдай байқалмаған еді.
– Иә, екі кезең бойы жақсы ойнадық, ойын біздікі болды. Лақтырдық, қостап ойнадық, гол соқтық. Кейін, меніңше, шамадан тыс ойлануға тырыстық, алыс штангаға пас беріп, әдемі комбинация жасағымыз келді. Сол үшін қарсылас бізді жазалады – екі қажетсіз гол жіберіп алдық. Онсыз да ойынды аяқтауға болатын еді, бірақ қорғаныста соңына дейін төтеп бергеніміз жақсы болды. Жігіттер жарады, соңына дейін күресті, лақтырылған шайбаларды өздеріне тидіріп бөгеді.
– Турнирде екі ойын өткізген қақпашы әріптесің Роман Калмыковтың ойынын қалай бағалайсың?
– Роман – нағыз кәсіби маман, бұл ойындарды өте жақсы өткізді. «Номадта» да жақсы ойнап жүр. Команданың турнир кестесінде бірінші орында тұрғаны да бекер емес. Ең бастысы – ол өз күшіне сенеді және не істеу керегін біледі. Біз болсақ, оны қолдап, көмектесуге тырысамыз. Ол турнирдің үздік қақпашысы атағын алуға лайық деп есептеймін.