Kids Athletics жобасы Қазақстан өңірлерінде кеңейтілуде

Kids Athletics жобасы Қазақстан өңірлерінде кеңейтілуде

World Athletics ұйымының балаларға арналған жаһандық Kids Athletics жобасы Қазақстанның бірқатар өңірінде жүзеге асырылуын жалғастыруда. Бұған дейін Алматы және Қарағанды қалаларында енгізілген бастама енді Маңғыстау облысы мен Атырау облысы аумағын қамтыды.

Жоба Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы тарапынан ҚР Туризм және спорт министрлігі бастамасымен және ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы қолдауымен жүзеге асырылуда.

Kids Athletics — балалар мен мектеп оқушылары арасында жеңіл атлетика негіздерін дамытуға бағытталған халықаралық бағдарлама. Қазіргі таңда жоба әлемнің 100-ден астам елінде табысты іске асырылып келеді.

2026 жылғы 27–30 сәуір аралығында Маңғыстау және Атырау облыстарында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған оқыту курстары өткізілді.

Маңғыстау облысында 32 мектептен келген 120-дан астам мұғалім қатысып, теориялық және практикалық сабақтардан өтті. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданы №17 мектебінде 48 оқушының қатысуымен эстафеталық жарыстар ұйымдастырылды.

Атырау облысында 73 мектептен 100-ден астам мұғалім оқытылып, №44 мектеп-гимназиясында 48 оқушы қатысқан практикалық іс-шаралар өтті.

Оқыту қорытындысы бойынша өңірлерде бағдарламаны әрі қарай жүзеге асыратын жергілікті лекторлар пулы қалыптастырылады.

Жыл соңына дейін осыған ұқсас оқыту курстарын Түркістан облысы, Батыс Қазақстан облысы және Ақтөбе облыстарында өткізу жоспарлануда.

Аталған бастама елімізде бұқаралық спортты дамытуға және жеңіл атлетика бойынша болашақ спорт резервін қалыптастыруға елеулі үлес қосады.