Эльжана Таниева: Жетістікке жету үшін көпсайыстағы төрт жаттығуды қатесіз орындау керек
Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының үздігі Эльжана Таниева Олимпиада алдында Olympic.kz сайтына берген шағын сұхбатында дайындық барысы жайында айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
«Біз бағдарламаны қиындатып, аздаған өзгеріс енгіздік. Қазіргі таңда жаттығуды таза, қатесіз орындауға басымдық берудеміз. Әртістік тұрғыдан да жұмыс істеп жатырмыз. Аяқ пен қолдың қызметіне көп көңіл бөлдік, себебі, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсету үшін барлық элементтерді толық меңгеру керек.
Жетістікке жету үшін көпсайыстағы төрт жаттығуды қатесіз орындау керек. Сол кезде ғана жоғары баға беріледі. Маған барлық жаттығу да ұнайды.
Бүгінде толық бабымдамын деп айта алмаймын. Біз Олимпиадаға дайындалудамыз. Тура жарыс қарсаңында нағыз бабыңа енуің керек. Парижге ұшқанға дейін екі аптадай уақытымыз бар. Сондай-ақ, Франция астанасында тағы жаттығамыз. Осы уақыт аралығында кем-кетіктерді жөндеп, жарыс басталғанда шын бабына енемін деп ойлаймын.
Олимпиада әр спортшының мансабындағы ең маңызды жарыс. Сондықтан, бәсекелестік те өте жоғары болмақ. Негізі, жарысты да, бәсекелестікті де ойламауға тырысамын. Менің міндетім – төрт жаттығуды да таза орындап, еліміздің намысын абыроймен қорғау»