Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде бесінші орынға түсіп қалды
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аустралия ашық чемпионатынан кейін әлемдік рейтингіде біршама өзгеріс болды. Польша өкілі Ига Швентек бұрынғыша көш бастаса, Аустралияда чемпион атанған белоруссиялық Арина Соболенко екінші орнын сақтап қалды.
Екінші айналымда ресейлік Анна Блинковаға есе жіберіп, өткен жылғы ұпайларын қорғай алмаған қазақстандық Елена Рыбакина 3-тен 5-ке сырғыды. Аталмыш додада жартылай финалға дейін жеткен америкалық Кори Гауфф үздік үштікке ілікті.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 64-тен 70-орынға төмендеді.
Жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс көш басына шықса, одан кейін тайбэйлік Се Шувэй, әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, аустралиялық Сторм Хантер келеді.
Қазақстандық Анна Данилина 44-сатыда қалса, Жібек Құламбаева 141-ден 142-ге, Путинцева 351-ден 354-ке сырғыса, Рыбакина 192-ден бірден 361-ге құлдырады.