logo

Екі тағдырлас төбелесті, өкінішке қарай, Алланың қалауымен мен жеңіске жеттім: Жұман Жұмабеков

Екі тағдырлас төбелесті, өкінішке қарай, Алланың қалауымен мен жеңіске жеттім: Жұман Жұмабеков

Қазақстандағы ең танымал ММА жауынгерлерінің бірі Жұман «Арлан» Жұмабеков қазіргі чемпион Айдос Жаппарбергеновті жеңіп, Nomad Fighting Championship Қазақстан лигасының атағын иемденді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

«3,4,5 раундтар менің есебіме шешілген сияқты. 1, 2 раундтарда қақпаға тұрдым. Футболдан ұлттық құрама болып тұрмыз ғой сонда. 3, 4, 5 раундтарда бар күшімді салып,  күрестім. Айдос та бір-екі рет ұрғаннан кейін, мына бәле қайтпайды деді ғой. Нағыз айқас көрсеттік. Барлығыңызға ұнаған шығар. Кеше де пресс-конференцияда соңына дейін қырыламыз деп айтқан едік.

Айдос - нағыз еркек. Аға-бауыр ретінде жақсы араласамыз. Айдос, 1 қоңырауың ғой, үйде дастарқан жайып күтіп аламын. Айдос бауырым, бүгін үйде шәй ішеміз.  Шыны керек, NOMAD лигасы маған үміт артқан жоқ, «қасқырларды»  жас жауынгерлер талап тастайды деп ойлады. Бірақ қайдан білсін, байқұс шал қасқырдың қалтасында атар соңғы оғы барын. Дегенмен NOMAD-қа алғысым шексіз, мені қолдап келген бауырларыма ризамын! Туған бауырым, міне, көз алдарыңызда жылап тұр. Қалай жаттығатынымды біледі, жекпе-жегімді көзбе-көз бірінші рет көрді. Мен таза жынмын ғой, демал десе де, жаттыға беремін. Мен қарсылас таңдайтын адам емеспін.

Әкем өмірден өтіп кеткен. Жан әкем, үмітіңді ақтадым. Осыны қаншама уақыт күттім. Әке, міне екінші белбеу! Алланың қалауымен, сен жетпеген жетістіктерге жетіп жатырмыз. Алда үлкен белестер бар, бірге бағындырамыз. Айдос бауырым да менімен тағдырлас, өкінбе, Айдос! Бүгін спортта төреші менің қолымды көтерді, бірақ сенің әкеңе деген құрметім ерекше. Екі тағдырлас келді, өкінішке қарай, Алланың қалауымен мен жеңіске жеттім.

Анашым, жан жарым, күнім Айнұр сендерді жақсы көремін. Салмақ қуған кезде түнімен ұйықтай алмадым. Бұл жолы өте қиын болды. Қатты жаным қиналды. Сол кезде келіншегім Айнұр жанымда болып, қолдау көрсетті. Дұғада болған анама, әпкелеріме, туған бауырларым Арман, Аралға мың алғыс, баршаңызды қатты жақсы көремін», - деді Ж. Жұмабеков. 



Күн шежіресі