Джиу-джитсудан әлем чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамына енді

Джиу-джитсудан әлем чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамына енді

Белгілі қазақстандық спортшы және қоғам қайраткері, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері, әлем чемпионы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамына енді, деп хабарлайды Sport+.

Оның кәсіпқой ММА-дағы рекорды — 4 жеңіс және 0 жеңіліс. Бапкер ретінде «Sagadat Batyr — QTT» клубында жұмыс істеп, грэпплинг пен джиу-джитсудан чемпиондар тәрбиелеп келеді. Оның ең танымал шәкірттерінің бірі — БЖЖ-дан бірнеше дүркін әлем чемпионы, сондай-ақ Айти мен Нагояда өтетін Азия ойындарының қатысушысы Жібек Құлымбетова.

Қоғамдық қызметі аясында Нұрсұлтан Орынбасаров қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, балалар үйлеріне қажетті заттар мен құрал-жабдықтармен көмек көрсетеді. Сонымен қатар спорттық және патриоттық бастамалар арқылы жастардың дамуына қолдау білдіреді.

Оның қызметіндегі жеке бағыттардың бірі — Sarbaz+ жобасы. Жоба аясында әскери қызметшілердің дене дайындығын жетілдіруге және жауынгерлік өнер дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

«Қазақстан Халық Кеңесін» құрудың мақсаты — мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға консультативтік тұрғыда қатысу арқылы Қазақстан халқының мемлекеттік басқару саласындағы мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз ету. Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрылтайына заң жобаларын енгізеді.