Дулат Кенесбеков: Толқу жоқ, Бейжіңдегі турнир мен чемпиондық жекпе-жекке дайынмын

Дулат Кенесбеков: Толқу жоқ, Бейжіңдегі турнир мен чемпиондық жекпе-жекке дайынмын

Қазақстандық ММА шебері Дулат Кенесбеков Sport+ арнасына берген сұхбатында 8 тамыз күні Бейжіңде өтетін NAIZA лигасының жартылай орта салмақтағы чемпиондық жекпе-жегінде Тамирлан Саралаповқа қарсы айқасқа қатысты ойын бөлісті.

«Қарсыласым өте мықты әрі тәжірибелі. Тамирлан бұған дейін екі рет чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқан. Сондықтан қызықты жекпе-жек болады деп ойлаймын. Меніңше, бұл — мансабымдағы ең қиын қарсылас.

Сонымен қатар, чемпиондық жекпе-жекке шығу мүмкіндігіне өте қуаныштымын. Маған сенім артып, осындай мүмкіндік берген NAIZA лигасына алғысымды білдіремін. Мен осы сәтке ұзақ уақыт бойы ұмтылдым. Шынын айтсам, белбеу үшін келесі жылы жұдырықтасамын деп ойлаған едім. Бірақ Самандар бұл жекпе-жекке шыға алмағандықтан, лига маған осындай мүмкіндік ұсынды.

Бұл туралы турнирге бір ай қалғанда хабарлады. Командаммен ақылдасып, бұл сын-қатерді қабылдауға шешім қабылдадық.

Жоқ, ешқандай толқу жоқ. Мен дайынмын!»

— Бұл Қазақстан лигасының Бейжіңдегі, әлемдік ММА-дағы ең ірі ареналардың біріндегі алғашқы турнирі болмақ. Осындай тарихи оқиға алдындағы жауапкершілікті сезінесіз бе?

— Әрине, бұл оқиғаның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Қазақстандық ММА тарихына енетін турнирдің бір бөлігі болу — мен үшін үлкен мәртебе. Отандық лига алғаш рет осындай жоғары деңгейдегі халықаралық алаңда турнир өткізгелі отыр. Бұл тек спортшылар үшін ғана емес, еліміздің бүкіл спорт саласы үшін маңызды қадам.

Елімді, командамды және маған қолдау көрсетіп жүрген жандарды лайықты таныстыру — мен үшін үлкен жауапкершілік. Бірақ турнирдің ауқымына қарамастан, менің басты міндетім өзгермейді — октагонға шығып, өзімнің ең үздік жекпе-жегімді көрсетіп, жеңіске жету. Қазір барлық ойым осыған бағытталған.

Турнир 8 тамыз күні өтеді. Кеш аясында үш чемпиондық жекпе-жек ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жанкүйерлер Фаниль Рафиковтың октагонға қайта оралуына куә болады.



Күн шежіресі