Демеу Жадыраев: Финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім
Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалына шыққан Демеу Жадыраев Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, бүгінгі жекпе-жектерін қорытындылады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр.
Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім.
Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты.
Қолдауларыңызға рахмет. Енді финалды күтеміз», - деді Жадыраев.