Дәулет Нұрланұлы: Еламанмен жекпе-жекте Болат Заманбековтың мүлде жаңа, бұрынғыдан да мықты нұсқасын көресіздер

Дәулет Нұрланұлы: Еламанмен жекпе-жекте Болат Заманбековтың мүлде жаңа, бұрынғыдан да мықты нұсқасын көресіздер

Saq Pro Team командасының бас бапкері Дәулет Нұрланұлы Sport+ сайтына берген сұхбатында шәкірті Болат Заманбековтың Еламан Саясатовқа қарсы реваншқа дайындығы туралы айтты:

«Болат қазір Қырғызстанда Орталық Азиядағы, тіпті бұрынғы ТМД кеңістігіндегі ең үздік командалардың бірі саналатын Ikhlas Team сапында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл команданың құрамында RIZIN, ACA, JCK чемпиондары және UFC жауынгерлері бар. Команданың бәсекелестік деңгейі өте жоғары, әсіресе 57–61 келі салмақ дәрежесінде мықты спортшылар көп. Солардың бірі — The Ultimate Fighter (TUF) жаңа маусымының қатысушысы Ілімбек. Қазір ол Болаттың негізгі спарринг-серіктестерінің бірі. Дайындықтың соңына дейін Болат Қырғызстанда жаттығады. Турнирге екі апта қалғанда Алматыға оралып, салмақ қуу мен тактикалық дайындыққа кіріседі. Көңіл күйі өте жақсы. Біз жекпе-жекке дайындық жүйесіне аздап өзгерістер енгіздік, алғашқы кездесудегі әлсіз және мықты тұстарды сараладық. Сондықтан бұл турнирде мүлде басқа, бұрынғыдан да мықты Болатты көресіздер деп уәде беремін! Ал Еламанға нәтижелі дайындық тілейміз. Ең бастысы — жарақатсыз келсін».

NAIZA турнирі 19 қыркүйекте Алматыда өтеді. Кеш аясында екі чемпиондық жекпе-жек жоспарланған: лига чемпионы Жансерік Жақсығұлұлы өз белдігін Мири Садықовқа қарсы қорғайды, ал Болат Заманбеков Еламан Саясатовпен өтетін реваншта чемпиондық белбеуін қорғауға шығады.



Күн шежіресі