Чехия, Корея және Австралия құрамаларында жұмыс істеген бұрынғы бапкер Қазақстанда қызмет етеді
Қазақстан Республикасы Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен Қазақстанның жастар биатлон құрамасының бапкер-кеңесшісі қызметіне тағайындалған италиялық маман Лука Бормолини арасында маңызды кездесу өтті, деп хабаралайды Sport+.
Лука Бормолини — биатлон саласындағы халықаралық деңгейдегі маман. Оның ұлттық құрамалар, жастар және жасөспірімдер жобалары жүйесінде 12 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар.
Әр жылдары Лука Бормолини:
Чехия әйелдер құрамасының Әлем кубогындағы бас бапкері (2024–2025 маусымы);
Корея Республикасының Олимпиадалық жастар командасымен (2022–2024);
Жаңа Зеландия спортшыларымен, соның ішінде Кэмпбелл Райтпен;
Австралия және Бразилия құрамаларымен жұмыс істеді.
Лука Бормолинидің әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Кэмпбелл Райтты дайындауға қатысқанын ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ 2024/2025 маусымында оның жетекшілігіндегі команда Ленцерхайде өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, Контиолахтидегі Әлем кубогы кезеңінде топ жарды. Бұдан бөлек, Лука Бормолини IBU академиясының оқытушысы әрі профессоры болып табылады. Бұл оның кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейін және халықаралық биатлон қауымдастығы тарапынан мойындалғанын көрсетеді.
Лука Бормолини еліміздің резервтік құрамаларының жаттығу процесіне әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізу мақсатында бапкер-кеңесші қызметіне шақырылды.
Алда ауқымды жұмыс, үлкен мақсаттар және жаңа спорттық белестер күтіп тұр.