Бүгін Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты өтеді
Бүгін, 26 шілде күні 2024 жылғы Париж Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Салтанатты рәсім бұрынғы Олимпиадалардан өзгерек болмақ. Дәстүрлі спортшылар шеруі биыл әлдеқайда басқаша форматта өтеді. Атап айтар болса, шеру стадионда емес, өзенде өтпекші. Спортшылар делегациясының шеруін Париждегі Сена өзені қабылдайды.
Әрбір құрамаға арнайы қайық бөлінеді (қайық саны 100-ге жуықтауы мүмкін. Себебі, бірқатар құрамалар бір қайыққа сыймайды). Ал өзен жағалауынан шеруді жанкүйерлер тамашалай алады. Спортшылар қайықпен алты шақырым жүзеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шеру Париж тарихы мен архитектурасына визуалды саяхат болмақ.
Шеру Трокадеро алаңының маңында аяқталады. Мұнда ашылу салтанатының келесі бөлігі - Олимпиада алауын жағу рәсімі өтеді.
Шоуды франциялық театр режиссері әрі актер Тома Жолли дайындаған. Қойылымға 3000-ға жуық әртістер қатысады. Сондай-ақ, әншілер Селин Дион мен Леди Гага өнер көрсетеді деп күтілуде.
Қазақстан уақытымен тікелей көрсетілім сағат 22:30-да басталады.
Айта кетелік, боксшы Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова еліміздің туын ұстап шығады.