Бублик Майамидегі жарыс жолынан шығып қалды
24 наурызда Майамиде (АҚШ) өткен «Мастерс» сериясының турнирінде қазақстандық теннисші Александр Бублик пен итальяндық Маттео Арналди арасындағы екінші айналым кездесуі өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бублик фаворит болып саналды, алайда кездесу Арналдидің пайдасына 6:4, 6:1 есебімен аяқталды. Матч 1 сағат 18 минутқа созылды.
Арналди үшінші айналымда Канада өкілі, 126-шы ракетка Денис Шаповаловпен ойнайды, ол күтпеген жерден екінші айналымда екі сетте грек Стефанос Циципасты жеңді (6:4, 6:2).
Майамидегі Турнир 20-31 наурыз аралығында өтеді. Ерлер арасындағы жекелей сында жалпы жүлде қоры 8,9 млн. долларды құрайды. Жарыстың қазіргі жеңімпазы - өткен жылғы шешуші матчта итальяндық Янник Синнерді жеңген ресейлік Даниил Медведев.