Бейбіт Жұқаев Мексикада аса тартысты матчта германиялық теннисшіні ұтты
Қазақстандық әлемнің 191-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Сан-Луис-Потоси (Мексика) челленджер турнирінің іріктеу сайысынан сәтті өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 476-орында тұрған германиялық Эльмар Эюповичпен аса тартысты матчты өткізді.
Германиялық спортшы бірінші партияда басымдылық көрсетті – 6:3.
Бұдан кейін Бейбіт камбэк жасай білді – 7:6 (7:5), 6:3. Екінші сеттің өзі 1 сағат 36 минутқа созылды, бұл бір ойын уақытындай деген сөз.
Үш сағат 24 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев 11 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Эюпович 5 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, негізгі додаға қосылған Бейбіт Жұқаевқа алғашқы айналымда азулы қарсылас тап болды. Ол әлемнің 109-ыншы, жарыстың 2-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен кортқа шығады.