Бауыржан Өтәлиев: Шавкат Белалды уақытынан бұрын жеңе алады
Шавкат Рахмоновтың чемпиондық кездесуі және оның мүмкіндіктері жайында Kazinform сайтына берген сұхбатта Dar Pro Team командасының жетекшісі, Шавкат Рахмоновтың өкілі Бауыржан Өтәлиев айтып берген, деп хабарлайды Sport+
«Келесі жекпе-жек міндетті түрде Шавкат Рахмонов пен Белал Мұхамед арасында жартылай орта салмақ чемпиондығына талас ретінде өтеді. Біздің шамалауымызша, сәуір, мамыр не маусым айында болуы керек, көктем не жазда. Өйткені ең ыңғайлы уақыт — осы кезеңдер.
Менің ойымша, Шавкат Белалды уақытынан бұрын жеңе алады. «Белал күреске келгенде мықты» деп бәрі айтады. Шавкат күресте алына салар спортшы емес. Қасында жүрген мен барлығын, ішкі күйін де білемін. Кейінгі Гарримен кездесуіне қарап солай ойлайтындар бар шығар. Жарақатына, қарсылас табылмай, уақыттың текке кеткеніне, залдан жұқтырған жараларына қарамастан Шавкат жеңіп шықты.
Осының алдында Белал жарақатын сылтауратып, Шавкатпен жекпе-жекке шықпай қалғанын ешкім ұмытпасын. Кім біледі, ескі жарақаты ма, ол әдейі істеуі де мүмкін. Уақыт өткізіп, Шавкаттың шамасын сырттай бақылағысы келген шығар.
Хабиб Нурмагомедовтің (Белал осы экс-чемпионның қарамағында жаттығады — ред.) командасын жақсы білеміз, олар арасында осындай айлаға барудан қашпайды. Уақыт өткізеді, өздеріне ыңғайлы сәтті күтеді. Бұл да бір саяси ойындар секілді дүние ғой».