Баламыз қазақша сөйлесе дейміз: Қазақ қызына үйленген Канада хоккейшісі тіл мәселесін көтерді
Хоккейден Қазақстан құрамасы мен «Барыс» клубында ойнаған Даррен Диц қазақ және орыс тілін меңгеруге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ресейдің Championat.com порталына берген сұхбатында шайба шебері қазақша үйрене алмағанын жеткізді.
«Басында орысша кейбір сөздерді түсіндім. Хабарлама арқылы сөйлесіп жүрдім. Бірақ адамдар өте тез сөйлейтін болып естілетін. Алайда менің сөйлеу алмауына көпшілік түсіністікпен қарады. Осылайша орысшаны ақырындап үйрене бастадым.
Өкінішке қарай, қазақша үйренудің әлі уақыты келмеді. Бірақ бұл келесі кезеңнің мәселесі ретінде ойымда тұр. Ниетім бар. Біз балаларымыздың қазақ тілін білгенін қалаймыз», - деді Даррен Диц.
Ол 2017-2022 жылдар аралығында «Астананың» «Барыс» клубында ойнаған. Айта кететін жайт, оның жұбайы Іңкәр қазақ қызы. Қазақстанға келіп үйленген хоккейші бүгінде жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.