Азат Мақсұм өзіне қолайлы қарсыласын таңдады
Қазақстандық UFC жауынгері Азат Мақсұм (15-1) UFC-дегі келесі жекпе-жегін кіммен және қашан өткізгісі келетінін айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Маған өз дивизионымдағы топ-10/15-тегі барлық қарсыластар қызықты. Бірақ ең мінсіз қарсылас ретінде Қытай өкілі Су Мудаэржиді (рейтингте 14-ші) таңдар едім. Ол маған ыңғайлы қарсылас. Қарап көрейік, ақырында кіммен жекпе-жекке шығатынымызды. Жалпы, мен үшін кіммен жұдырықтасу маңызды емес. Октагонға қашан ораламын? Шамамен тамызда. Абу-Дабидегі (БАӘ) турнирде өнер көрсеткім келеді, бірақ ұйымның не шешетінін білмеймін. Қазір мен Штаттардамын, Асу Алмабаевқа келесі жекпе-жегіне дайындалуға көмектесіп жатырмын», — деді Мақсұм.
Еске салсақ, Азат Мақсұм UFC-дегі соңғы жекпе-жегін биылғы жылдың ақпан айында өткізді, онда американдық Чарльз Джонсонға төрешілер шешімімен ұтылды. Жалпы, американдық промоушенде қазақстандықтың екі жекпе-жегі бар (бір жеңіс және бір жеңіліс).