Асхат Әкімов октагонға оралады: Таразда қырғызстандық «Тайсонмен» айқас өтеді
31 наурыз күні Тараз қаласында «Alash Pride» лигасының турнирі өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Аталған кеш аясында октагонға жергілікті ММА жұлдызы Асхат Әкімов қайта оралады.
Оның қарсыласы — бұрын ACA және «Eagle FC» лигаларында өнер көрсеткен Қанат «Тайсон» Келдібеков болмақ. Соңғы жекпе-жектерін Қанат грэпплинг пен бокс ережесі бойынша өткізген. Ал ММА-да «Тайсон» соңғы рет NAIZA лигасында айқасып, Буньод Эльмуродовты қылқындыру әдісімен жеңген еді.
Асхат та жеңістен кейін шаршы алаңға шыққалы отыр. Ол 2025 жылдың қарашасында өткен Alash Pride турнирінде бразилиялық Робсон Кавалькантені төрешілер шешімімен ұтып, Қытайдағы JCK лигасындағы жеңілісінің есесін қайтарған болатын.