Асу Алмабаев: UFC титулын жеңіп алу Олимпиададағы алтын медальмен тең деп айтуға болады

UFC жекпе-жек шебері Асу Алмабаев жартылай орта салмақтағы отандасы Шавкат Рахмонов екеуінің болашақта лиганың чемпиондық титулдарын жеңіп алу мүмкіндігі жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Sport+.
— Біз үшін бұл үлкен құрмет болар еді. Өз елімізді таныту біз үшін аса маңызды. UFC — әлемдегі № 1 промоушен, сондықтан осында, әлемнің ең үлкен аренасында өз туымызды көтере алу Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алумен тең, — деді Асу Athlonsports.com сайтына берген сұхбатында.
Алмабаевтың октагонға оралуы алдағы демалыс күндері өтеді — 2 наурыз күні таңертең ол Лас-Вегаста өтетін UFC Fight Night 253 турнирінің басты жекпе-жегінде Анголадан келген Манел Капемен кездеседі.