«Астанаға» айыппұл салынды, ал «Тобыл» иесінің қызметіне тыйым салынды. ҚФФ төрелік туралы пікірлерге жауап берді
2024 жылғы 17 мамырда Қазақстан футбол федерациясының этика комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Отырыстың қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды:
— 2024 жылғы 4 мамырда Ақтөбе қаласында өткен «Ақтөбе» мен «Астана» арасындағы матчтың төрешілігі туралы «Астана» футбол клубының спорт директоры Павлюк И. пікірін қарау.
Шешім:
— «Астана» футбол клубына, БИН 081240017890, 1000 АЕК мөлшерінде, яғни 3 692 000 (үш миллион алты жүз тоқсан екі мың) теңге айыппұл салу. Айыппұлды 2024 жылғы 17 маусымға дейін төлеу қажет. Егер осы тармақ орындалмаса, ҚФФ Тәртіптік регламентінің 61-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес клубтың ұпайлары алынып тасталуы немесе клуб төменгі дивизионға (лигаға) ауыстырылуы мүмкін.
— «Футбол клубы «Тобол» құрылтайшысы Қалдияров А.Д. төрешілер жұмысы және ҚФФ төрешілік қызметіне қатысты кадрлық реформалар қажеттігі туралы пікірін қарау.
Шешім:
— ҚФФ төрешілер корпусының, ҚФФ басшылығының және қазақстандық футболдың қызметін дискредитациялағаны үшін «Тобыл» ФК құрылтайшысы Қалдияров Алимжан Даниярұлына 300 АЕК, яғни 1 107 600 (бір миллион жүз жеті мың алты жүз) теңге айыппұл салу және осы шешім күшіне енген күннен бастап 1 жыл мерзімге «Тобыл» ФК қатысатын матчтар өткізілетін стадиондарға кіруге тыйым салу санкциясын қолдану.
— Қалдияров Алимжан Даниярұлына осы шешімнің 1-тармағында көзделген айыппұлды 2024 жылғы 17 маусымға дейін төлеу.
Егер осы шешім орындалмаса, Тәртіптік регламентінің 61-бабына сәйкес, ҚФФ заң органы Қалдияров А.Д. қатысты футболға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салуға дейінгі басқа санкциялар қолдануға құқылы.
«Астана» және «Тобыл» футбол клубтары осы шешімдерге жеті күнтізбелік күн ішінде шағымдануға құқылы.