Астанада жеңіл атлетикадан ел чемпионаты өтеді
22–24 шілде аралығында Астана қаласында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Елдің басты ұлттық жарысы Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында ұйымдастырылады. Ал лақтыру сайыстары Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің лақтыру секторында өтеді.
Чемпионатқа еліміздің 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысады. Үш қарғып секіру жарысында Әзербайжан өкілі Екатерина Сариева жарыстан тыс өнер көрсетеді.
Үш күн бойы спортшылар ерлер мен әйелдер арасында 48 жеке бағдарлама бойынша, сондай-ақ 4×100 м және 4×400 м аралас эстафеталарда жүлделерді сарапқа салады.
Жарыс жолына Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші жеңіл атлеттері шығады. Олардың қатарында Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мухитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және басқа да спортшылар бар.
Чемпионат қорытындысы бойынша Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады.
Айта кетейік, 22 шілде күні сағат 16:30–да чемпионаттың ресми ашылу салтанаты өтеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Ғалимұлы Хасеновтің қатысуы жоспарланып отыр.