28–29 қараша күндері Қазақстан астанасында алғаш рет таеквондодан Гран-при сериясының финалдық кезеңі өтеді, деп хабарлайды Sport+.

Мәртебесі жағынан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатынан кейінгі орында тұрған беделді турнирге 6 Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының 13 жүлдегері, 15 әлем чемпионы және әлем біріншіліктерінің 20 жүлдегері қатысады.

Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.

Қазақстан намысын Тамирлан Тілеулес (58 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі), Рита Бәкішева (49 келі) және Мария Севостьянова (57 келі) қорғайды.

Айта кетейік, Тамирлан Тілеулес жуырда жазғы Азия ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алған болатын.

Жарыс сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде өтеді. Әр салмақта әлемнің ең үздік 16 спортшысы ғана жүлдеге таласады.

G-10 санатындағы турнирде алтын медаль үшін 100 рейтингтік ұпай, күміс жүлдеге 60, ал қола медальға 36 ұпай беріледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Гран-при сериясының кезеңдері Италияның Рим, Оңтүстік Кореяның Муджу және Францияның Париж қалаларында өткен болатын.

Аталған жарыстардың қорытындысы бойынша қазақстандық Айдана Құмартаева (49 келі) мен Мария Севостьянова (57 келі) қола медаль жеңіп алды.