Астанада алғаш рет үстел теннисінен Азия чемпионаты өтеді
6-13 қазан аралығында Астанада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстан астанасы алғаш рет құрлықтық біріншілікті қабылдайды.
Чемпионатқа Азияның үздік ойыншылары қатысады.
Олардың ішінде командалық есептегі Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Қытай спортшысы Ван Чуцинь, командалық есептегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Мива Харимото және Миу Хирано (Жапония), Олимпиаданың алтын және күміс жүлдегері Сунь Инша (Қытай), микстегі Олимпиада чемпионы Мима Ито (Жапония), командалық есептегі Олимпиаданың қола жүлдегері Томоказу Харимото (Жапония) бар.
Ал Қазақстанның намысын Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпиада ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Олимпиаданың қатысушысы Анастасия Лаврова, микстегі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері Сарвиноз Миркадирова, Зауреш Акашева және басқа да спортшылар қорғайды.
Азия чемпионатына барлығы 26 елден 210 спортшы келеді деген жоспар бар. Олар жеке, командалық, сондай-ақ жұптық және аралас сайыстарда өзара сынға түседі.