Әсем Орынбай Олимпиадаға дайындығын пысықтауда
Стенд атудан Қазақстан командасының үздігі Әсем Орынбай Olympic.kz тілшісіне сұхбат беріп, жазғы ойындарға дайындық қалай өтіп жатқанын баяндады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Қазіргі таңда мергендер Алматы облысында орналасқан Александр Асанов атындағы атқыштар клубында жаттығуда.
"Бірнеше күн бұрын дайындық кезеңі басталды. Қазір бабымызға еніп келеміз. Осы жерден тікелей Францияға ұшамыз.
Мылтық атудан лицензия алу оңай емес. Жолдама алдымен әлем біріншілігінде, кейін Азия чемпионатында беріледі. Ал рейтинг бойынша тек бірінші орындағы спортшыға жолдама бұйырады. Сол квотаны иеленген жайым бар. Бұған дейін екі іріктеу турнирінде финалға шығып, жолдамадан қағылған едім.
Рейтингте мен қарсыластарымнан біраз ұзап кеттім. Сондықтан, мені ешкімнің қуып жете алмайтыны 3-4 ай бұрын белгілі болған. Ендігі бар ойымыз - Париж Олимпиадасында намысқа тырысып, еліміздің атын шығару", - деді Әсем Орынбай.
Әсем Орынбай стенд атудан әлем кубогінің жеңімпазы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы.