«Арланның» соңғы жекпе-жегі: Сағындық Мекеев Жұман туралы жүрекжарды пікір білдірді

Қазақстан Республикасының ММА және панкратион ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев Sport+ арнасына берген сұхбатында Жұман Жұмабековтің қазіргі қазақстандық ММА-ға ықпалы туралы пікір білдірді:
«Жұман Жұмабеков — қазіргі қазақстандық ММА-ның тарихы. 2012 жылы ол Қазақстан құрамасы сапында Польшаның Краков қаласында өткен Әлем чемпионатында жүлдегер атанып, ММА-дан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды. Оны өте ертеден білемін. Ол панкратион мен ММА-дан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. Оның алғашқы бапкері — Сағатбек Мұсахановты да жақсы танимын. Жұман — Қазақстандағы ең сүйікті спортшыларымның бірі.
Жұман 2011–2012 жылдары жарыстарға шыға бастады, түрлі турнирлерге қатысты. Ол туралы көп әрі ұзақ айтуға болады — оны жас кезінен білемін. Қырғызстанда, «Alash Pride» турнирлерінде оны жекпе-жектерге бастап шыққанмын. Өте тәрбиелі жігіт, әрқашан қарапайым, әрқашан команда үшін жұмыс істейді. Қазір Жұманның өзгеріп жатқанын байқаймын — октагонда өзін қалай ұстайды, ойын қалай жеткізеді — бәрін бақылап отырамын. Осындай жігіттерден жас буын үлгі алуы керек деп ойлаймын! Бразилиялық спортшымен өтетін жекпе-жекте Жұманға тек жеңіс тілеймін. Спорттық мансабын әдемі жеңіспен аяқтаса екен деймін!»
Жұман келесі жекпе-жегін 23 тамыз күні NAIZA лигасының турнирінде бразилиялық Роверсомен өткізеді. Бұл кездесу «Арланның» ММА ережелері бойынша соңғы жекпе-жегі болуы мүмкін.
Жұманның жекпе-жегі мен бүкіл турнирді тікелей эфирде Sport+ арнасынан көруге болады.