Алуа Балқыбекова: Әйелдер боксындағы өзгеріс оңайға соқпайды, бірақ бұл - біздің сүйікті ісіміз
Бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Алуа Балқыбекова әлеуметтік желіде ерекше жаттығуларымен көпшіліктің назарына түсіп жүр. Еліміздің үздік боксшыларының бірі қазіргі дайындығы жайында Sport Plus Qazaqstan тілшісіне айтты.
«Бір аптадан кейін Қарағандыда «Мықтылар турнирі» өтеді. Қазіргі уақытта осы жарысқа қызу дайындық жүруде. Бұл Азия чемпионатына бағытталған жаттығу жиынына құрам іріктелетін жарыс, сол үшін де барлық спортшы үшін аса маңызды. Жеке жаттықтырушым Долкунжан Камековпен бокстағы шеберлігімді шыңдасам, қосымша физикалық тұрғыда күш-қуатты арттыру үшін жаттығу жасап жүрмін. Оған себеп биыл 48 келіден 50 келіге толық салмақ ауыстырдым. Италиядағы лицензиялық турнирге дейін физикалық дайындыққа көп көңіл бөле алмадым.
Аян Тұрсын екеуміз бір жаттықтырушыға барамыз. Мұхамедин есімді бапкер жекпе жек түрлерінен көптеген спортшыларды дайындайды. Өзінің методикасы бар, әр спортшыға нақты қай тұрғыдан жұмыс істеу керек екенін біледі. Қарағандыдағы жарыста жаңа салмақтағы және жаңа бағыттағы дайындығымның нәтижесін көреміз.
Бұл турнирдің басты ерекшелігі арнайы бас киімсіз рингке шығамыз. Бұл менің тәжірибемде алғаш рет. Жаттығуда арасында бас киімсіз жұдырықтасып көріп жүрміз, мүлдем өзгеше. Қорғанысқа көп көңіл бөлу керек. Жақында Польшада турнир өткен екен, сол жерде қыздардың жарақат алып, қабағы жарылғанын көрдік.
Әрине, қыз балаға бұл оңай емес, дегенмен бокс біздің өмірлік сүйікті ісіміз болғандықтан, одан бас тарта алмаймыз».