logo

Әлімжан Бектаев: Исбулаевқа лайықты қарсылас табу өте қиын, ол қазір UFC-дің деңгейінде өнер көрсетеді

Әлімжан Бектаев: Исбулаевқа лайықты қарсылас табу өте қиын, ол қазір UFC-дің деңгейінде өнер көрсетеді

«Alash Pride» лигасының басшысы Әлімжан Бектаев Sport+ сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ұйымның жаңа жылдағы жоспарлары, Саламат Исбулаевтың Қытайдағы жеңісі, Бағдос Олжабайдың АСА лигасына қайтып оралу мүмкіндігі туралы айтты.  

—  Жаңа жыл басталды. Осы жылы «Alash Pride» лигасының жоспарлары қандай? Неше турнир өткізу жоспарда бар? 

—  Осы жылы біздер 15-16 жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүкіл Қазақстанды қамту жоспарда бар. Атырау, Орал, Тараз, Қарағанды, Қостанай сияқты қалаларға баруға ниеттіміз. Барлық жоспарларды өзіміздің Instagram-парақшамызда жариялап отырамыз. 

—  Лиганың чемпионы Саламат Исбулаев өткен аптада Қытай JCK лигасында өз өнерін паш етті. Тамаша нокауттың арқасында ол керемет жеңіске жетті. Осы жекпе-жек туралы не ойлайсыз?

—  Саламаттың жекпе-жегі өте керемет болды. Өзіміз де нокаут болатынын күткен жоқпыз. Саламаттың деңгейін бәріміз білеміз: оған ТМД немесе Азия елдерінен лайықты қарсылас табу өте қиын. Ол қазір UFC-дің деңгейіне жетті дей аламын. Саламатқа осындай нокауттарды көбейтіп, көзге жиі түсу керек. Негізі оның моңғол қарсыласы осал емес. Оның алдынғы жекпе-жектерін көріп шыққанмын, ол — қолы ауыр, жақсы жауынгер. Ораза айынан кейін «Alash Pride-та» өз белбеуін қорғайтын болады.     

—  Қытай лигасымен осы бағыттағы қарым-қатынас жақсара ма? «Alash Pride» лигасының басқа да жауынгерлері бұл лигаға баруға ниетті ме?

—  Біздер Қытай JCK лигасымен өте жақсы қарым-қатынастамыз. Қазіргі уақытта аталмыш лигаға 20-30 жауынгерлердің анкетасын жіберіп қойдық. Болашақта олардың әр турниріне «Alash Pride» жауынгері барып отырады, ал олардың файтерлері бізге келіп төбелеседі. Алдағы уақытта жақсы жаңалықтар күтіңіздер. 

—  Бағдос Олжабайдың АСА лигасындағы орын алған жағдайы туралы айтып кетсеңіз? Ол «Alash Pride» лигасына қайтып орала ма?

—  Бағдос АСА лигасынан қуылғаннан кейін, ұйым басшылары оған қайта хабарласып, лигаға оралуға шақырды. Оған өте қатаң жаза қолданылды деген пікірдемін. Жауынгердің ауырмайтыны жоқ. Мысалы, біздің лигада да жауынгерлер ауырып қалады, бірақ біздер әрдайын оларды ауыстыратын адамдарды дайындаймыз. Бағдосты ақпан айында «Alash Pride» лигасының турнирінде көріп қалуыңыз мүмкін. Ол қазір дайындық үстінде, дайындығы аяқталған кезде біз оған жекпе-жек ұсынамыз. Олжабайдың біздің ұйым үшін орны бөлек. 

—  Фаниль Рафиков отандық ММА-ның аңызы Дамир Исмагуловқа ұсыныс жасады? Қалай ойлайсыз, бұл жекпе-жекті ұйымдастыру мүмкін бе? «Alash Pride» лигасы аясында осындай жекпе-жектің өту ықтималдығы қандай?

—  Өз басым бұл жекпе-жекке қарсымын. Екі қазақстандық жауынгерді бір-біріне қарсы қоюды мен қолдамаймын. Фаниль мен Дамирдің жеке ойын білмеймін. Бірақ оларға қарсылас көп: UFC және АСА лигасында өнер көрсеткен файтерлермен төбелесуге болады. Қарсыластар оларға табылады.    



Күн шежіресі