Александр Недовесов Италиядағы жарыстың финалына шыға алмады
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Недовесов Турин (Италия) турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жарыстың 3-ракеткалары болып тіркелген еді.
А.Недовесов – Г.Эскобар жартылай финалда доданың 1-ракеткалары, германиялық Андреас Мьес – ұлыбританиялық Нил Скупскимен кездесті.
Бірінші партияда фавориттер басымдылық танытты – 6:2. Екіншісінде олар 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық-эквадорлық дуэт таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Дегенмен супер тай-брейк А.Мьес – Н.Скупскидің пайдасына шешілді – 10:5.
Бір сағат 56 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыластары 4 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.