«Жетісу» тоғызыншы рет Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды
Петропавл қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогының ойындары аяқталды, деп хабарлайды Sport+ Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Алтын жүлде үшін «Қуаныш» (СҚО) пен «Жетісу» (Талдықорған) клубтары таласты.
Азамат Есімов жаттықтыратын алаң иелерінен жанкүйерлері жеңіс күткен-ді. Алайда ойын мүлде басқаша сипатта өрбіп, сербиялық маман Марко Гршич баптайтын талдықорғандықтар матч тізгінін қолға ала білді. Өскеменнің «Алтайымен» бірге Қазақстан чемпиондығына қоса ел кубогын ұтып алған М.Гршич өткен жылдың желтоқсанында «Жетісу» клубына ауысқан еді.
Бұл жолы талдықорғандықтар «Қуанышты» 3:0 (25:23, 25:21, 25:22) есебімен ұтып, жеңіске жетті.
Осылайша, «Жетісу» өз тарихында тоғызыншы рет кубокқа ие болды. Ал сербиялық бапкер Қазақстан тарихында екі клубпен бірге ел кубогын ұтып алған алғашқы шетелдік маман атанды.
Өскеменнің «Берелі» Қазақстан кубогының қола жүлдесіне қол жеткізді. Ришат Гилязутдиновтың шәкірттері биылғы Қазақстан чемпионы, Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын Түркістанның «Тұран» командасын 3:1 (19:25, 25:19, 25:17, 25:19) есебімен тізе бүктірді.