Жеңіл атлетикадан тағы да лицензияға үміттіміз: Серік Жарасбаев
ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілі жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысымен таныстырып өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазіргі уақытта лицензия жеңіп алған барлық спортшылар спорт түрінің ерекшелігін, физиологиясын және қажеттіліктерін ескере отырып, жеке жоспар бойынша дайындалып жатыр. Даярлау жұмыстарын сәтті өткізу үшін 10 спорт түрінен 14 шетелдік маман тартылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спорт саласындағы басқару институттары арасында тиімді коммуникацияларды үйлестіретін және қамтамасыз ететін Штаб құрылды. Дене шынықтыру және спорт академиясымен бірлесіп кешенді ғылыми топ құрылды. Ол спортшылардың тамақтану, талдау, психологиялық сүйемелдеу, дәрігерлік бақылауды қарастырып, дайындықпен айналысады. Спортты дамыту дирекциясы, Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры тарапынан спортшыларды сапалы даярлау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әсіресе медициналық, фармакологиялық құралдармен және спорттық тамақтанумен қамтылған», — деді ҚР туризм және спорт вице-министр Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
ҚР құрама командасының қоржынында 83 лицензия бар. 5 шілдеге дейін жеңіл атлетикадан спортшылар тағы да лицензиялар жеңіп алады деп күтіліп отыр.